Алматыда есірткі мен алкоголизм профилактикаларының семинар-тренингі өтті
АЛМАТЫ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматы қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында «Ел келешегі - салауатты өмір салты» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Жиынды аталмыш орталық Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры және «Жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау орталығы» Қоғамдық қорымен бірлесе ұйымдастырды. Шараның мақсаты салауатты өмір салтын қамтамасыз ету мәдениетін қалыптастыру, жастардың денсаулығын сақтау мен нығайту шаралары жиынтығын жасауға бағытталған.
Басқосуға Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен ҮЕҰ өкілдері, жоғары және орта арнайы оқу орындары студенттері мен Алматы қалалық демалыс орталықтарының жетекшілері қатысты.Семинар барысында есірткі, алкоголизм және шылым шегу профидактикалары бойынша талқылаулар болды.
«Қалалық наркологиялық орталықтың әлеуметтік-медициналық коррекция базасында алкогольге тәуелділер үшін қалыпты жағдайға келтіру бөлімі қызмет етуде. Онда 2010 жылы 9 ай ішінде 18261 адам амбулаториялық ем қабылдады. Оның ішінде 900-і жасөспірім. 2320-сы стационарлық ем қабылдаса, жасөспірімдері - 50. Жәй келушілер 104 998 адамды құраса, олардың 21 920-сы жасөспірімдер болды», - дейді орталық директоры Гүлсара Сүлейменова.
Сондай-ақ Алматы қалалық ІІД есірткі бизнесімен күрес басқармасының аға инспекторы Ербол Әбдірәшев және Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының орынбасары Айдар Сибогатов және басқалар баяндама жасады.