Алматыда есірткі сатушы әйел қолға түсті - ҚР ІІМ
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Алматыда есірткі сатушы азаматша қолға түсті.
Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР ІІМ-нің Мемлекеттік тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Қаламқас Темірова мәлім етті.
Ведомство өкілінің айтуынша, Алматының полиция қызметкерлері 26 жастағы әйел адамды арнайы іс-шара барысында өз үйінде 2,5 грамм героинды сатып жатқан жерінде ұстаған. Қазір ол уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.
Қ. Темірованың атап өткеніндей, тінту кезінде оның үйінен 4 килограмнан аса героин табылып, тәркіленген. Есірткі сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.