Алматыда есірткі саудалауға қатысты деген күдікпен ішкі істер қызметінің 2 жедел уәкілі ұсталды

АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Тәртіп сақшылары өз араларын өз ісін адал атқармайтын қызметкерлерден тазарту жұмыстарын жалғастыруда.

 Алматыда есірткі саудалауға қатысты деген күдікпен ішкі істер қызметінің 2 жедел уәкілі ұсталды

 Атап айтқанда, Алматыдағы Бостандық  ауданында есірткі сатып алып жүр деген күдікпен 2 жедел уәкіл ұсталды. Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің Өзіндік қауіпсіздік қызметіне аталған екі қызметкердің қаладағы әйелдің бірінен тұрақты түрде есірткі алып тұратыны жөнінде жедел ақпарат түскен. «Осыған байланысты Өзіндік қауіпсіздік қызметінің өкілдері арнайы жүргізілген жедел іс-шаралар барысында күдіктілерді әйелдің үйінің жанында қызметтік автокөліктерінен ұстады. Қамауға алу кезінде олардың көліктерінің алдыңғы орындығында 2 полиэтилен пакетке салынған сіріңке қорабы табылған. Онда  0,96 грамм героин болған. Тәртіп сақшыларына есірткінің не үшін керек болғандығы анықталу үстінде. Есірткіні сатушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды», деді департамент бастығы.