Алматыда есірткі туралы кешенді және стандарттық есептілік туралы халықаралық семинар өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда кешенді және стандарттық есептілік, сондай-ақ ақпараттық жүйені үздіксіз дамыту туралы халықаралық семинар өтіп жатыр. Оған сарапшы ретінде Лиссабондағы Есірткі және нашақорлық туралы еуропалық мониторинг орталығының жетекші фокустық пункттері саналатын Чехия, Эстония, Литва және Францияның мамандары шақырылған.
"Қазанның 28-іне дейін созылатын бұл шараның мақсаты есірткі жөніндегі ұлттық ақпарат жүйелерін жаңартып, нығайтуға көмектесу. Оны Германияның техникалық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы есірткі тасымалын жою жөніндегі бағдарламасымен серіктесіп ұйымдастырып отыр", - дейді Қазақстандағы ұлттық үйлестіруші Артем Корчагин.
Онда Есірткі тұтынудың мониторинг жүйесі бағдарламасының мәліметті жинау мен талдау, есептілік және институционалдық ынтымақтастық жөніндегі негізгі талаптары бойынша әдістемелік тренингтер болады. Жалпы Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы есірткі тасымалын жою жөніндегі бағдарламасының бесінші кезеңі биылғы жылы наурыз айында басталған болатын.