18:25, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Алматыда «Есірткіден қорғау» операциясының қорытындысы жасалды
АЛМАТЫ. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда «Есірткіден қорғау» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы жасалды,
![None None](/static/img/plug.webp)
деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Акцияның мақсаты есірткіге қатысты қылмыстарды әшкерелеу, есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топтарды ауыздықтау және зиянды заттардың заңсыз айналымын тоқтату болып табылады. Іс-шара кезінде Ішкі істер департаментінің жеке құрамы күшейтілген түрде жұмыс істеді. «Жедел-алдын алу шарасына 112 қызметкер, 110 қоғам өкілі және 7 автокөлік құралы тартылды. Операция кезінде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 36 қылмыс анықталды. Әкімшілік іс-тәжірибе желісі бойынша бес заң бұзу әрекеті әшкереленді», - дейді Алматы ІІД Есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы, подполковник Дархан Мұсанов.Мысалы, полиция қызметкерлері қамауда отырған досына темекі қорабына салып есірткілік затты бермек болған 53 жасар азамат құрықталды. Ол өз кінәсін мойнына алды. Сондай-ақ туыстарына қонаққа келген Алматы облысының тұрғыны қолға түсті. Осыған дейін бірнеше рет сотталып үлгерген ер адам қалаға төрт килә марихуана әкелген.«Есірткіден қорғау» акциясы барысында Алматы полицейлері бес киләдан астам есірткілік және психотропты заттарды тәркіледі. Есірткіге тәуелді 36 адам есепке алынды.