Алматыда есірткіге еліткен автобус жүргізушісі жолаушылар тасымалдаған
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, №118-ші бағыттағы қоғамдық көлік Абай даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің қиылысында тоқтатылды.
«Тәртіп сақшылары әрекеті күдік туғызған жүргізушіні тоқтатып, оны медициналық куәландырудан өткізуге апарды. Сараптама қорытындысы бойынша нарколог-дәрігерлер оның есірткіге мас болғанын анықтады»,- деді Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Сейітқұлов.
Полиция өкілінің айтуынша, жүргізуші қоғамдық көлікті басқарудан шеттетілді.
«Алматы қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ер адам 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, сонымен қатар 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды»,- дейді ол.
Сонымен қатар автобус мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
«Сондай-ақ, есірткіге масаң күйдегі жүргізушіні жолаушы тасымалдауға рұқсат берген автокәсіпорынның медицина қызметкеріне 150 мың теңге көлемінде айыппұл салынды»,- деді Дәулет Сейітқұлов.