Алматыда «Есірткісіз әлем» акциясы өтуде
АЛМАТЫ. 19 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда «Есірткісіз әлем» акциясы өтуде.
Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орай өткен бұл шараны қалалық кедендік бақылау департаменті ұйымдастырды. Онң мақсаты - қалың бұқараның нашақорлыққа қарсы ой-пікірін бөлісу, салауатты өмір салтын насихаттау арқылы Қазақстанның 2012-2016 жылдарға арналған нашақорлықпен күрес және есiрткi сату мен тасымалдаудың алдын алу бағдарламасы аясында мекемеаралық бағдарламаны іске асыру.
Акцияның алғашқы күні Алматы кеденшілері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен кездесті. Онда есірткі заттарын сақтау, сатып алу, қолдануға қатысты қылмыстық жауапкершiлiк пен оның алдын алу мәселесі сөз болды. БҰҰ мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының айтуынша, бүгінгі күні нашақорлық әлемде ең үлкен қауіптің бірі болып табылады.
«Есірткі - адамның санасын жаулап қана қоймай, әрдайым өзіне еліктіретін қасиеті бар химиялық зат. Есірткінің героин, кокаин, анаша, қарасора және тағы басқа да түрлері бар. Көбінесе есірткіні Ауғанстан мен Батыс мемлекеттерінде өндіреді. Оны қолдану тәсілдері көп. Есірткі ине шаншу немесе дәрі сияқты капсулаларда қолданады», - дейді Кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Ермек Қожабергенов. Оның айтуынша, бүгінде кеденшілер түрлі арнайы құрылғы немесе арнайы оперативті жұмыс жүргізу барысында дер кезінде оның көзін жою бағытында тынымсыз еңбек етіп келе жатыр.