Алматыда ескі үйлердің 40 пайызы Түрксіб ауданында орналасқан
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Түрксіб ауданында 1229 көпқабатты көппәтерлі тұрғын үй қоры бар, оның ішінде 594 үй ескі тұрғын үй санатында. Яғни, қаланың барлық ескі қорының 40 пайызы. Бұл туралы Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала басшысының сөзінше, бүгінгі күні жеке құрылыс салушылар 17 көппәтерлі тұрғын үй салып жатыр, оларға ескі үйлердің тұрғындары көшіріледі.
«Осипенко көшесінде 59 пәтерлік 2 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Онда біз Чернышевский – Сауранбаев – Молдағалиев – Толстой көшелерінің шаршысында орналасқан 4 ескі үйлердің тұрғындарын уақытша көшірмекпіз. Бұл бізге келесі жылы осы 4 үйді бұзып, 214 пәтерлік 10 үй құрылысын бастауға мүмкіндік береді»,- деді ол.
Сонымен қатар, аталған көшелердің аумағында 152 пәтерлік 7 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Оның ішінде ескі үйлерді жаңарту бағдарламасы бойынша 48 пәтер айналымдағы тұрғын үйге арналған. Бұл үйлер 2023 жылғы мамырда пайдалануға беріледі.
«Аталған нысандар аяқталғаннан кейін біз Спартак, Ақындар көшесіндегі тағы 8 үйдің тұрғындарын көшіруді жоспарлап отырмыз. Кассин, Котельников көшелері, Сейфуллин даңғылының шаршысында 432 пәтерге 8 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Үйлер 2023 жылдың шілде айында тапсырылады. Онда аталған шаршының 15 ескі үйінің тұрғындары көшіріледі»,- деді Ерболат Досаев.
Бұдан бөлек, жеке құрылыс салушымен «Алтай-2» шағын ауданындағы екі қабатты 57 үйді реновациялау бойынша меморандум жасалды. 2023 жылы І кезеңде 18 ескі үйлердің тұрғындарын көшіру үшін 2 тұрғын үй салынатын болады.
Сонымен қатар, ол Алматыда ескі үйлердің 40 пайызы Түрксіб ауданында орналасқан атап өтті.
«Түрксіб ауданында 1229 көпқабатты көппәтерлі тұрғын үй қоры бар, оның ішінде 594 үй ескі тұрғын үй санатында. Яғни, қаланың барлық ескі қорының 40 пайызы»,- деді қала әкімі.
Сондай-ақ әкім ескі үйлер тұрғындардың келісімімен ғана бұзылатынын еске салды.