Алматыда Есмұқан Обаевтың 70 жасқа толған мерейтойы аталып өтті

МАТЫ. 24 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда сенбі күні, Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық артисі,

Алматыда   Есмұқан Обаевтың 70 жасқа толған мерейтойы аталып өтті

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі және директоры Есмұхан Обаевтың 70 жасқа толуына арналған мерейтойлық кеш болып өтті.

Кешке өнер, әдебиет, мәдениет, театр саласының қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, көрнекті режиссердің өмірдегі және өнердегі достары қатысты.

Шараға арнайы келген ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өз атынан және министрліктің атынан мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жауып Елбасының құттықтауын оқып берді. Құттықтауда: «Құрметті Есмұхан Несіпбайұлы! Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймын! Бұл айтулы белесіңізді қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, ұлттық театрдың шебері, ұлағатты ұстаз ретінде қарсы алып отырсыз. Сіздің өмір жолыңыз қазақ сахна өнерінің өркен жаюымен, рухани құндылықтарымыздың түлеп-түрленуімен тығыз байланысты. Кемеліңізге келіп, шығармашылық әлеуетіңіз толысқан шақта қазақ сахна өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында жетекшілік жасап, оның шығармашылық көркемдік қуатының одан әрі шыңдалып, нығая түсуіне елеулі еңбек сіңірдіңіз. Театр сахнасында әлемдік және қазақ ұлттық классикасының үздік үлгілерін, жүзден астам қойылымды көрерменге ұсындыңыз. Мерейтой сәтінде өзіңізге мықты денсаулық, отбасыңызға береке, шығармашылық табыстар тілеймін», - делінген.

Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімовтың құттықтауын қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов жеткізіп, қала басшысының сыйлығы-темір тұлпарды астына мінгізіп, үстіне зерлі шапан жапты.

Кеш барысында екінші тұлпарды мерейтой иесіне өзінің туған жері Алматы облысы әкімдігі мінгізді. Облыс әкімі Аңсар Мұсахановтың құттықтауы мен сыйлығын аппараттың өкілі Ардақ Садық жеткізді. Ол сонымен қатар, Есмұхан Обаевқа облыстың ең үлкен сыйлығы болып табылатын - «Алматы облысының құрметті азаматы» атағы берілгендігін жария етіп, әкімнің атынан медальді табыстады.

Бұнымен қатар, өнер қайраткерін Парламент депуттары Тұрарбек Асанов, Мұрат Ахмадиев, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Кеште сондай-ақ, ҚР Сенат төрағасы Қайрат Мәмидің, Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің, Қырғызстан жазушыларының, сонымен қатар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстары әкімдерінің, Алматы қаласы барлық білім ордаларының құттықтаулары келіп түскендігі айтылды.

Кеш барысында Есмұхан Обаевтың режиссер, мәдениет қайраткері ретінде атқарған жұмыстарына баға беріліп, шығармашылық өміріне шолу жасалып, Қазақстан өнері мен мәдениетіне, театр саласына сіңірген еңбегі атап өтілді.

Кеш мерейтой иесі басқаратын Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры ұжымының сахна тарланына арнайы дайындаған қойылыммен аяқталды.