Алматыда Еуразия медиа форумының ІХ конференциясы өтеді

АЛМАТЫ. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Сәуірдің 27-28-і күндері Алматыда Еуразия медиа форумының ІХ конференциясы өтеді. Аталмыш конференция жұмысына ЕҚЫҰ жоғары басшылығының өкілдері, ғаламдық медиа қоғам басшылары, аналитикалық орталықтар мен өзге де халықаралық ықпалды ұйымдардың жетекшілері қатысады.

Алматыда Еуразия медиа форумының ІХ конференциясы өтеді

Бұл жайында бүгін өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ЕМФ Бас директоры Руслан Жамковтың айтуынша, биылғы конференция жұмысына өзгертулер енгізілген. Шараға қатысам деушілер санының көбеюіне байланысты биыл қатысушыларды тіркеу ақылы болмақ. «Тіркеу жұмыстары неге ақылы болмақ дегенге келсек, шараға жұмсалатын қаржы жыл сайын өсуде. Конференцияға қаржыны демеушілер беретіндіктен және дағдарыс кезеңін ескеріп осындай әрекетке барып отырмыз», дейді Р.Жамков.

Сондай-ақ ол аталмыш шараның мазмұны сапалы өтетіндігін және оған өте белгілі медиасарапшылар, ғалымдар, саясаткерлер, журналистер мен кәсіпкерлер қатысатындығын жеткізді.