Алматыда Еуразиялық сән апталығы басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Еуразиялық сән апталығы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Еуразиялық сән апталығы басталды

Сән апталығының бірінші күні жас дизайнерлердің Fashion For Future халықаралық сән байқауының финалы ашылады, содан кейін қазақстандық және шетелдік дизайнерлер өз жұмыстарын жалғастырады. Жеңімпаз Миландағы Еуропалық дизайн институтының жазғы мектебінде оқуға грант алады. Ал, гран-при иегеріне, коллекцияларын Еуразиялық сән апталығының келесі маусымында ұсынуға мүмкіндік беріледі.

«Бізде мобильді сән апталығы бар. Ол еуразиялық кеңістіктің кез-келген жерінде өткізіледі. Келесі ел Оңтүстік Корея, Жапония, Грузия және т.б. елдер болуы мүмкін. Бұл барлық дизайнерлер үшін Made in Kazakhstan брендін дамытуға баса назар аударатын кәсіби интерактивті бизнес-алаң. Қазір біз бизнес бағытында қозғаламыз. Біз сән әлемінің кәсіби мамандарын шақырттық. Олар бізбен өздерінің тәжірбиесімен бөлісіп, қалай сатуға болатынын үйретеді», - деді EFW бас продюсері Ирина Байжанова.

Қазақстанда еуразиялық сән апталығы 28 тамызда Нұр-Сұлтанда басталып, үш күнге созылды. Енді сән кеші Алматыда өтеді. Осы күндері жоба аясында жергілікті брендті дамытуға арналған шеберлік-сыныптар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, осы саланың басқа да маңызды мәселелері ортаға салынады. «Атамекен» ҚР ҰКП және «Kazakh Invest» ҰК қатысуымен мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкін болатын мемлекеттік инвестициялар туралы пікірталас алаңы мен семинарлар өтпек.

Шараға әртүрлі елдерден сала мамандары арнайы шақыртылды.Олар, «Қазақстандағы іскер әйелдер», Design culture and Designre searchin Fashion Styling, The future of fashion between e-commerce and new stores, сән индустриясындағы нейромаркетинг, FASHION тақырыптарын талқылайды.

«Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстандағы сән индустриясы дамуда. Бұл жерде табысты дизайнерлер бар болса да, олардың жетістігі тек осы елдің аумағында ғана көрсете алады. Менің ойымша, белгілі бір дизайнердің жетістігін бағалау, оны шет елге таныту бүгінгі күнің талабы. Мен мұнда табысты дизайнерлердің бар екендігіне көз жеткіздім. Мұндай дәрістер мен шаралар сән әлемінің дамуына ықпал етеді,- деді қонақтардың бірі, Сан-Франциско Өнер академиясында SocialMedia орталығының негізін қалаушы Стефан Рабимов.

Сонымен қатар, EFW бас продюсері Ирина Байжанова қазіргі кезде әлем дизайнерлерінің не қалайтындығын айтты.

«Осы маусымдағы ең сәнді түс - бұл сары. Бұл түсті әлемнің барлық сән дизайнерлері қолдануда. Трендтер түске байланысты анықталады және әр дизайнер өз қолтаңбасын ұстанады », - деп қосты ол.

Жобаны қала әкімдігі мен «Visit Almaty» ұйымдастырды. Бұл шара әлемдік деңгейдегі дизайнерлердің басын қосып қана қоймай, сонымен қатар жаңа есімдерді ашуға арналған.