Алматыда Фариза Оңғарсынованың жыр кеші өтті

АЛМАТЫ. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Өткен сенбі күні Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың «Өлең, мен сені аялап өтем...» атты жыр кеші өтті,

Алматыда Фариза Оңғарсынованың жыр кеші өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеш ақын өлеңдеріне негізделген сахналық қойылыммен ашылды. Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқыды.

«Құрметті Фариза Оңғарысынқызы, сізді үлкен мерейтойыңызбен шын жүректен құтықтаймыз. Сіз ұлттық поэзиямызда өзіңіздің дара дауысыңызбен ерте танылған дара таланттардың бірісіз. Нәзік те шыншыл, өзге де өршіл лирикаңызбен бірден-ақ өлеңсүйер қауымның ыстық ықыласына бөлендіңіз. Халқыңыз сіздің ойлы да жігерлі поэзияңыздан қуат алып келеді. Сіз тамаша журналист, білікті басшы ретінде еліміздің дамуына үлкен еңбек сіңірдіңіз. Бақытыңыз баянды, денсаулығыңыз мықты болсын. Халқыңызды өзіңізге деген шексіз махаббатына бөлене беріңіз», делінген құтықтау хатта.

Кешке бұнымен қатар ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, ақынның әріптестері, ақын-жазушылар, қоғам, мәдениет қайраткерлері қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Бұнымен қатар белгілі өнер жұлдыздары ақын өлеңдері арқау болған әндерді шырқады.Кеш барысында Фариза ақынның өзі де сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін оқыды.

«Мен жалпы шығармашылығымда қазақ әйелінің, әйел затының әртүрлі жағдайдағы көңіл-күйін көрсеткім келеді. Мені 70 жылдары Алматыда әдеби қауым қабылдамады. Ашық айтады, бұл болмайды деп. Мен оған қысылмадым. Айтқым келгенін айттым», дейді ақын.

«Фариза ақынның бергенінен берері көп. Ақын еш уақытта қартаймайды, есейеді. Шығармашылық шабыт үстінде әлі. Бұл кісінің жігері, адами дүниетанымы, табиғи мінезі шынайы. Ол ғашықтықтың символына айналған адам. Бұндай ақын қазақ қыздарының ішінде санаулы. Бұл кісі солардың бірі, бірегейі. Ақын деген ұлтының беті, төлқұжаты сияқты. Ақын ұлттың жоғын жоқтап, барын мақтап, ұлағатты сөз қалдырған адам болуы тиіс. Фариза әлем таныған адам. Сондықтан бүгінгі мерейтойы әсерлі, әдемі өтті. Халықтың ақын жырларын сағынып қалғаны көрініп-ақ тұр», дейді М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Есмұхан Обаев.