Алматыда филология ғылымдарының өзекті мәселелері талқыланады

АЛМАТЫ. 7 қараша. ҚазАқпарат - Алматыда 8 қарашада «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы филология ғылымдарының өзекті мәселелері» деген тақырыпта  республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Алматыда филология ғылымдарының өзекті мәселелері талқыланады

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтетін бұл шараға еліміздің белгілі филолог-ғалымдары қатысады. Ол филология ғылымдарының докторы, Педагогикалық білім беру халықаралық ғылым академиясының академигі, профессор Балтабай Әбдіғазиұлының 60 жасқа толуына арналып отыр.

Балтабай Әбдіғазиұлы ұзақ жыл «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерінде  қызмет істеп, өзінің тамаша очерктерімен, публицистикалық мақалаларымен танылды. Қарымды  қаламгер  кейін ғылым жолына түсіп, көп жылғы зерттеулерінің  арқасында Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын жан-жақты және терең зерттеп «Шәкәрім әлемі» монографиясын шығарды. Бұл еңбек Шәкәрімтанудағы ең алғашқы көлемді және парасатты еңбек болды. Осы арқылы Б.Әбдіғазиұлы Шәкәрімді зерттеушілерге жол ашып, бағыт-бағдар берді. Әдебиетші ғалымның  бұл еңбегі бүкіл  қазақ филология ғылымына қосылған елеулі үлес болды.