Алматыда фортепианодан музыкалық колледж оқушылары арасында тұңғыш рет Республикалық ашық байқау басталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда міндетті фортепиано курсы бойынша музыкалық колледждердің әр түрлі мамандық бойынша оқитын оқушылары арасында тұңғыш рет Республикалық ашық байқау басталды.
П. Чайковский атындағы музыкалық колледжінің сахнасында өтіп жатқан өнер сайысына еліміздің 11 қаласынан: Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Шымкент, Семей, Ақтөбе, Павлодар, Петропавл және Талдықорған қалаларынан 83 оқушы қатысуда.
«Байқаудың мақсаты - оқушыларымыздың фортепианоға деген қызығушылығын арттыру. Байқауға қатысушылар әділ түрде екі топқа бөлінді. Бірінші топқа музыкалық колледжге музыка мектептерін бітіріп түскендер топтастырылса, екінші топқа музыкалық колледжге ешқандай музыкалық дайындықсыз түскендер жиналды. Байқаудың ерекшелігі де осында. Негізі, музыкалық колледж оқушыларының басым бөлігі оқуға кезінде музыкалық дайындықсыз түскендер», - деді өз сөзінде П. Чайковский атындағы музыкалық колледжінің міндетті фортепиано бойынша пәндік-циклдік комиссия төрайымы Гүлмира Мұқышева.
Сонымен қатар, ол қатысушылар арасында бір тур ғана ұйымдастырылатындығын жеткізді.
«Бұл байқау еліміздің атақты композиторлары: Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидидің 110 жылдығын мерекелеуге бағышталып отыр. Сондықтан байқауға қатысушылар осы және басқа да отандық композиторлардың және шет елдік композиторлардың шығармаларын орындайды», - деді Г. Мұқышева.
Айта кетелік, байқауға төрт мамандық: музыка теориясы, хорға дирижерлік ету, академиялық вокал, эстрадалық вокал және дәстүрлі вокал бойынша білім алатын оқушылар қатысып жатыр. Бүгін бірінші топтың мүшелері, ал ертең екінші топтың мүшелері бақтарын сынайды.
Қазылар алқасының құрамында белгілі орындаушылар мен оқытушылар бар. Ал төрайымы - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық аспаптары факультеті жанындағы фортепиано секциясының меңгерушісі, мәдениет саласының үздігі, доцент Айгүл Мұстафаева.
Байқаудың салтанатты жабылу рәсімі 14 наурызда осы колледжің сахнасында болады.
Байқау жеңімпаздарына мақтау грамоталары, дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етіледі.
Байқауға ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры тікелей қолдау көрсетіп отыр.