Алматыда футбол турниріне 1 300 жеткіншек қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда «Авиатор» алаңында аула командалары арасында алтыншы мәрте футбол лигасы өтті, деп хабарлайды қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Футбол додасы «Спорттық Алматы» жобасы аясында, «Мaxi чай» қолдауымен, ақысыз, олимпиада жүйесіне сәйкес ұйымдастырылды. Бүгінгі жарыс қатысушылар саны бойынша рекордтық көрсеткіш орнатты. Жалпы, 139 команда, 1300 әуесқойлар жарыс жолына шықты.
Жарыстарға сегіз жастан жоғары барлық жеткіншектер әдеттегідей екі жас санатына бөлінді - кіші және үлкен. Біріншісі «А» - 8 жастан 14 жасқа дейін, ал екіншісі, «Б» лигасы - 15 жастан жоғары. Кіші топтың командаларының басым көпшілігі өз бапкерлерімен келген. Олардың айтуынша, теңбіл доп додасы жеткіншектердің салауатты өмір салтын қалыптастыруға, дендерінің саулығына тигізер септігі мол.
«А» лигасында алтынды ФК «Орда» олжалады. Олар 1:0 есебімен «Император» ойыншыларын жеңді. Ал қоланы «Голден» командасының футболшылары қанағат тұтты.
«Бүгінгі жарыс керемет өтті. Ойыншылардың дайындығы жаман емес, әсіресе соңғы қарсыластарымыз мықты ойнады. Негізі төртінші рет қатысып жатырмын, бүгінгі ойын бағымды ашты десем болады, алғаш рет жеңімпаз атандым», - деді «Орда» ФК ойыншысы Жандос Талипов.
Еске сала кетсек, үлкен лигада жас ерекшеліктеріне байланысты шектеу жоқ, он бес жастан жоғары болса болғаны. «Б» лигасының шешуші ойыны «Эле Саулет» пен «Маканшы» арасында өтті. Ойын нәтижесі бойынша алтынды «Маканшы», ал қоланы «Тарғап» ойыншылары олжалады.
Шағын футболдан турнирлер Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен, жастар мен өзге жас санаттарына қала тұрғындарын күнделікті дене шынықтыру мен спортпен шұғылдануға қызықтыру, жаппай спорт түрлерінің бірі футболды алып шаһарда насихаттау, сондай-ақ, денсаулықты нығайту үшін қолжетімді әдісті таңдауға көмектесу мақсатында өткізіледі.
Еске салсақ, алдыңғы футбол матчтары «Нархоз», АУЭС, «Си Синхай», «Хан Тенгри» және ҚазҰУ университеттерінің футбол алаңдарында өткен. Жалпы, бұл жарыстарға 5 мыңнан астам адам қатысқан.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар мен медальдермен марапатталды.
«Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасы мегаполистегі спорттың дамуына және белсенді тынығуға бағытталған. Жоба осы атаумен алдыңғы жылы басталып, бүгінде қала тұрғындарын түрлі спорттық шаралармен қуантып келеді.