Алматыда футзалдан Еуропа Чемпионатының негізгі іріктеу турнирі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 8-11 cәуірі аралығында Алматыда футзалдан Еуропа Чемпионатының негізгі іріктеу турнирі өтеді, деп хабарлады ҚазАқпаратқа Қазақстанның футбол федерациясынан.
Қазақстан құрамасы F тобында Дания, Чехия және Македония құрамаларымен сынға түседі. Ойындар «Алматы Арена» спорт кешенінде өтеді. Өткен жылы Қазақстан құрамасы Еуропа Чемпионатының финалдық кезеңіне шығып, қола жүлдегер атанған болатын.
Іріктеу тобының жеңімпаздары 2018 жылы Словенияда өтетін Еуропа Чемпионатына тікелей жолдама алады. Сонымен қатар, екінші орын алған жеті құрама мен үшінші орын алған үздік құрама Еуропа Чемпионатына берілетін қалған төрт жолдамаға таласады. Финалдық кезеңде барлығы 12 команда ойнайды.
Ойын кестесі:
8 сәуір
15:30 Чехия - Дания
18:00 Қазақстан - Македония
9 сәуір
15:30 Македония - Чехия
18:00 Қазақстан - Дания
11 сәуір
17:00 Дания - Македония
19:30 Чехия - Қазақстан