Алматыда ғалым К. Қожахметова туралы қос кітаптың тұсауы кесілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өтіп жатқан «Әлемдік және қазақстандық білім-ғылым кеңістігіндегі этнопедагогика мен этнопсихология» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында қос кітаптың тұсауы кесілді. Олар қазақ этнопедагогикасының әдіснамалық негізін салушы көрнекті ғалым Клара Жантөреқызы Қожахметова жайында жазылған.
«Бекзат болмыс» атты бірінші кітапқа Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясы және Халықаралық педагогикалық академиясының академигі Клара Жантөреқызы Қожахметованың тағылымды ғұмыры, педагогикалық қызметі мен ғылымдағы жетістіктері туралы әріптестері мен шәкірттерінің және жақындарының естелік-жазбалары енген.
«Профессор Клара Жантөреқызы Қожахметованың ғылыми мектебі» атты екінші кітапта ғалым К. Ж. Қожахметованың ғылыми мектебінің мәні мен мазмұны, құрылымы мен даму бағыттары баяндалады. Сонымен қатар, ғалым шәкірттері туралы мәліметтер мен ғылыми тақырыптары туралы мақалалары берілген.
Сондай-ақ, бүгінгі конференция барысында ғалымның шәкірттері ғылыми жұмыстармен айналысатын үздік студенттерге қолдау көрсету мақсатында Қыздар университетінің бірінші проректоры Баходир Әлиевке 20 мың теңгелік тегін сертификаттарды табыс етті.