Алматыда ғалымдар марапатталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ғылым күніне байланысты салтанатты жиын өтті. Қазақ Ұлттық Ғылым академиясы ғимаратына 500-ге жуық ғалым, Ұлттық кеңес мүшелері, ЖОО өкілдері келді. деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кез-келген елдің бүгіні мен болашағы сол елдің ғалымдарының жұмысына тікелей байланысты. Әсіресе қазіргі кезеңде өмірді ғылымсыз елестету мүмкін емес. 21 ғасырда ғылым мен инновация - адамзат дамуының басты қозғаушы күшіне айналды. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан өзінің тарихы терең тамырымен, әлемге танымал көрнекті ғалымдармен, ғылыми зерттеу мектептерімен дәстүрлі ғылыми жұртшылық мойындаған ғылыми жаңалықтарға ие. Ғылыми инновация - әлеуеті зор сала. Еліміздің осындай ауқымды жетістіктерге қол жеткізуі ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаевтың және сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің, ғылыми ізденістеріңіздің арқасы. Бұл ретте елдің ғылыми орталығы, зияткерлік қоғам шоғырланған қала ретінде Алматының орны айрықша. Мұнда ғылымның басты ордасы ҚР ҰҒА, ЖОО басым бөлігі, жетекші институттар топтасқан. 9 мыңға жуық ғылыми қызметкер өмір сүреді. Баршаларыңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын», - деді қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Қожабергенова қала әкімі Бауыржан Байбектің құттықтау сөзін жеткізе отырып.
Ресми бөлімнен соң ғылым саласының мамандарына, ғалымдарға ҚР БҒМ атынан «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдары табыс етілді.