Алматыда ғалымдар Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасын талқылады
Ө. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты базасында өткен шараға аграрлық сала ғалымдары, «Ауыл» ХДПП Төрағасының орынбасары Төлеген Сыдықов және партия активі қатысты. Отырыс барысында Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының директоры э.ғ.д. Алтынбек Молдашев, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, б.ғ.д. Мәсімжан Велямов баяндама жасады. Олар өз баяндамаларында азық-түлік қауіпсіздігі жаһандық мәселеге айналып бара жатқанын атап өтті.
«Нарықтық экономикадағы кез келген мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін қорғау мәселесін алдыңғы орынға қояды. Отандық өнімдер мен экспорттық тауарлардың сапасы басты назарда болуы тиіс», - деді олар.
Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға ұлттық және аймақтық ерекшеліктерге қарай қазақстандық азық-түлік қауіпсіздігі стандарттарын әзірлеу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ, шараға қатысушылар ҚР Президенттігіне кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасын талқылап, сайлауда кандидатқа қолдау білдіру жөнінде шешім қабылдады.