Алматыда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының концерті болады

АЛМАТЫ. 5 сәуір. ҚазАқпарат -  Алматыда 9 сәуірде  Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында  Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының «Шырқал ән, күмбірле күй» деп аталатын  концерті өтеді.

Алматыда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының концерті болады

Ол ән өнерінің дүлдүлі, айтыскер ақын, жыршы-термеші, Мұхит ән мектебінің көрнекті өкілі Қатимолла Бердіғалиевтың 60 жасқа толған мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.  Бұл шараға - Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық әншілер байқауының лауреаты Серік Әбдірахманов және Жаңылсын Хасанова, Дастан Есентеміров, Күләш Қуанышқалиева, Еркін Өтегенов, Ернар Өмірәлі, Ақылбек Бектасов сияқты жас өнерпаздар қатысады.

Аталмыш шараға мұрындық болған еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Ғ. Құрманғалиев салған дәстүрді жалғастырушы Қатимолла Жәңгірұлы Бердіғалиев. Жалпы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы Орал қаласында 1966 жылы 25 қаңтарда ашылған болатын. Оның  құрамында "Орал сазы" фольклорлық ансамблі, "Назерке" халық биі ансамблі, "Классика" үрлемелі аспаптар квинтеті, эстрадалық жастар ансамблі, тағы басқа шығармашылық топтар бар. Ұжым ұлттық,  классикалық және  қазіргі заманғы музыканы насихаттауға, ұлттық әншілік дәстүрді дамытуға өз  үлесін қосуда. 1996 жылы бұл филармонияға Қазақстанның халық артисі, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі берілген болатын.