Алматыда ғарыш мониторингі көмегімен 12 қоқыс үйіндісі табылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Былтыр Алматыдан 450 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы бойынша экология департаментінің өкілі Нұржан Бөлекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, Алматы қаласы бойынша, 25 жеке серіктестік қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысады.
Олар мегаполис аумағында 94 учаскеге қызмет көрсетеді.
«2022 жылы коммуналдық қызметтер, қоқыс шығаратын ұйымдар Алматы қаласының тұрғын үй саясаты басқармасының деректері бойынша қоқыс сұрыптау кешендеріне және Алматы облысының 6 полигонына – 451,821 мың тонна коммуналдық қалдықтарды жинап, әкетті. 2021 жылдың осындай кезеңінде 443 мың тонна шығарылған болатын» - деді ол.
Сонымен қатар, ол Алматыда рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталып жатқанын атап өтті.
«Алматыда қатты тұрмыстық қалдық жинайтын полигон жоқ. Соның салдарынан рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталып жатыр. Былтыр ғарыштық мониторинг арқылы 12 қоқыс үйіндісі табылды»,- деді экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Нұржан Бөлекбаев.