Алматыда ғарыштық жүйелер туралы семинар өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда ғарыштық жүйелер мен кешендер жасау жобаларын ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету туралы семинар-дөңгелек үстел жиыны өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқосуды ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі мен Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеті өткізуде. Оған Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен "Қазақ ғарыш сапары" ұлттық компаниясы" АҚ-ның, "Ғарыштық байланыс және радиоэлектроникалық құралдардың электромагниттік үйлесімділігі республикалық орталығы" АҚ-ның, "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей біріккен кәсіпорны, "Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы" АҚ-ның қызметкерлері қатысуда. ҚазҰУ-дің ғылым жөніндегі проректоры Нұрлан Темірбековтің айтуынша, семинарда - Ғарыштық аппараттарды қолдануға енгізу және сынау кезіндегі гибридті жобалау; Ғарыштық аппараттарды қолдануға енгізу және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін қолданбалы жұмсаудың күрделі тұстары; Жерді қашықтан бақылау мәліметтерін тарату нарығын дамыту мақсатындағы ғылыми-техникалық әріптестіктің бағыты; Қайта оралмалы сатылы орта сыныпты экологиялық қауіпсіз зымыран-тасымалдаушысы бар ғарыштық зымыран кешенін әзірлеу мәселелері талқыланады.