Алматыда Германияның Қазақстандағы жылы аясында тұңғыш рет "Алтын дала- Золотая степь" атты фотокөрме ашылды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайында Германияның Қазақстандағы жылы аясында тұңғыш рет "Алтын дала- Золотая степь" атты фотокөрме ашылды,

       Алматыда   Германияның Қазақстандағы жылы аясында  тұңғыш рет "Алтын дала- Золотая степь" атты фотокөрме ашылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш көрменің ұйымдастырушылары - Қазақстан биоәртүрлілігін сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) республикалық қоғамдық бірлестігі мен Үкіметтік емес табиғат қорғау ұйымы.

Көрмеге табиғатты қорғау мен сақтау жөніндегі зерттеулер мен ғылыми жұмыстар, ерекше қорғаудағы табиғат аймақтары және аң шаруашылығы туралы мәліметтер, жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мониторингтер, браконьерлермен күрес, сонымен қатар ұлттық және халықаралық табиғат ұйымдарының серіктестігі туралы баяндайтын 10 ақпараттық тақталар мен бейнероликтер және фотосуреттер қойылған.

«Мен үшін бүгінгі көрмені ашу үлкен құрмет. Өйткені, бұл шара басқа шараларға қарағанда ерекше. Көрме - Германияның Қазақстандағы жылы аясында өтіп жатқан бірден бір экологиялық шара. Бүгінде далалық және жартылай шөлейтті экожүйелер және ондағы керемет биоалуандар бүгінгі күні адам тарапынан ерекше қорғауды және қалпына келтіруді қажет етеді. Бұл істің бәрі біздің болашағымыз үшін қажет. Бұл орайда, "Алтын дала- Золотая степь" жобасы 5 жыл бойы үлкен жетістікпен іске асып келе жатқанын және германиялық экологиялық ұйымдар мен Зоологиялық қоғамдардың бұл игі іске қатысып, атсалысып келе жатқандығын атап өткім келеді. Бүгінгі көрме жеріміздің баға жетпес байлығы саналатын табиғатты көздің қарашығындай сақтауға, айырықша жауапкершілікпен қарауға деген сезімдерін оятар деген үміттемін», деді Германия Федеративті Республикасының Алматыдағы Бас консулының орынбасары Юрген Поммер.

«Бұған дейін көрме Астана қаласында өтті. Алдағы уақытта бұл көрмені Қазақстанның барлық қалаларында өткізуді жоспарлап отырмыз», деді көрменің ұйымдастырушылары.

Көрме мамырдың 20-на дейін жалғасады.