Алматыда гольфтен дәстүрлі «K cell Open» турнирі басталады
АЛМАТЫ. Қазанның 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда GSM Казақстан/K cell ұялы байланыс операторының ІІІ «K cell Open» гольф турнирі басталады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жайлау» және «Нұртау» клубтарының құрама командаларының арасында өтетін бұл сайысқа 100-ден астам спортшы қатыспақ. Жарыстың ашылу рәсімі мен алғашқы сайыстары бүгін «Жайлау» гольф клубында өтеді. Ал ертең ол «Нұртау» гольф клубында жалғаспақ. Турнир жеңімпазы әр құраманың 10 үздік көрсеткіші бойынша анықталады. Сондай-ақ спортшылар жеке көрсеткіштері бойынша "Nearest to the Pin", "Longest Drive" аталымдарымен арнайы марапатқа ие болады.
Жалпы, бұл байрақты бәсеке алғаш рет 2006 жылы «Нұртау» гольф клубының кезекті ойын маусымының жабылуына орай ұйымдастырылған еді. 2008 жылдан бастап ол еліміздегі жетекші қос клубтың командалары арасындағы сайысқа айналды. Былтыр оған 40 ойыншы қатысып, тартысты өткен бұл сында 20:17 есебімен «Нұртау» гольф клубының командасы жеңімпаз атанды. Ал жекелей сында «Longest Drive» аталымы бойынша Александр Зуев ("Жайлау") және «Nearest to pin» аталымы бойынша Еркін Қалиев ("Нұртау") үздік шықты.