Алматыда гуманитарлық көмек дәріханаларға берілмейді - әкімдік

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әуежайына COVID-19 инфекциясын емдейтін дәрілік препараттардың кезекті партиясы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда гуманитарлық көмек дәріханаларға берілмейді - әкімдік

Қалаға кеше кешкісін Үндістаннан жалпы салмағы 10 тонна медикамент тиеген ұшақ келіп қонған болатын. Ал 17 шілдеде Ресей Федерациясынан қажетті дәрі-дәрмек тиеген ұшақ келіп жетті.

Алматы әкімдігінің қаланы дәрі-дәрмекпен қамту жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаевтың хабарлауынша, Ресейден жеткізілген дәрі-дәрмек арасында балалар мен үлкендерге арналған парацетамол, амоксиклав, меропенем және басқа да өте қажет дәрілер бар. Жалпы, 1 135 000 дана препарат жеткізілген.

Үндістан мен Ресейден жеткізілген жүк қаланың дәріхана желісін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін дистрибьюторлық компанияларға тиесілі.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша препараттарды дереу рәсімдеу және сертификаттау бойынша барлық жағдай жасалған. Дәрілердің еш кедергісіз жеткізілуі қатаң бақылауға алынған. Бұдан өзге, Алматыда дәрі-дәрмек жеткізушілерге пайызсыз несие беру үшін 5 миллиард теңге бөлініп, тұрақтандыру қоры құрылғаны белгілі.

«29 маусымда ірі фармкомпаниялармен, дәріханалар желісімен меморандумға қол қойылған. Осы құжат негізінде қажет дәрі-дәрмек дер кезіне жеткізілуде. Халыққа керек препараттар тізбесі кеңейіп жатыр. Біздің алдағы жоспарымыз – қаланың барлық дәріханаларын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету», – дейді З. Сәлімбаев.

Жақын күндері қалаға үлкен сұранысқа ие дәрі-дәрмек тиеген кезекті рейстер келеді. Айдың соңына дейін шамамен 6,5 млн қаптамада қажетті препараттар жеткізіледі.

З. Сәлімбаев Ресейден келген жүктің гуманитарлық емес екенін айтты. Мұндағы дәрі-дәрмек қала дәріханаларына бөлініп беріледі.

«Интернетте гуманитарлық препараттардың сатылғаны туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені, гуманитарлық көмек ешқашан жеке дәріханаларға берілмейді, ол тек мемлекеттік ауруханаларға ғана бөлінеді», - деп атап өтті ол.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыға Ресейден 55 тонналық дәрі-дәрмек екі рейспен жеткізілген еді. Бұл - шамамен 3 млн қаптама, мұнда әлеуметтік маңызы бар 10-нан астам дәрі-дәрмек түрлері бар, оның ішінде қызуды түсіретін және COVID-19-ға қарсы препараттар жеткілікті.

Яғни, тізімде азитромицин, цефтазидим, ибупрофен, фраксипарин, метронидазол, цефтриаксон, гепарин, нимесулид, левофлоксацин, меропенем ұнтағы, эноксапарин-бинергия және басқа препараттар болды.