Алматыда ғылым мен білім беруді ықпалдастыру жобасының алғашқы 84 түлегіне магистрлік дипломдар берілді (ФОТО)
Шараға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова қатысып, түлектерді құттықтады.
«Бұл жетістік отандық ғылымды дамытудағы алғашқы қадам. Елбасы Н. Назарбаев ғылыми жобалардың әлеуетін көтеруге қашанда ерекше көңіл бөліп келеді. Енді, жаңа уақыт, жаңа заман алдымызға жаңа талаптар қояды. Сондықтан, біз осы жеткен жетістігімізбен тоқталып қалмай, алдағы уақытта әлемдік нарықтың қажетттіліктеріне дер кезінде ден қоя білуіміз керек. Сіздерді оқуды бітіргендеріңізбен құттықтаймын. Осы екі жыл ішінде алған білімдеріңіз болашақта қызметтеріңізде кәдеге асады деген үміттемін. Профессорлық-оқытушы құрамға табыстар тілеймін», - деді Б. Асылова.
Салтанатты шараға ҚР ҰҒА академиктері, ҚазҰУ ректораты мен факультеттерінің басшылары, ҚР БҒМ ҒК ҒЗИ директорлары, ҒЗИ-дың жетекші ғалымдары - профессорлық-оқытушылық құрамы, институттардың білім беру бағдарламаларының магистранттары мен докторанттары және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен қолға алынған, ҚР БҒМ ҒК ғылыми-зерттеу институттары мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлескен білім беру бағдарламалары жобасы - отандық ғылым мен қазақстандық жоғары мектептің инновациялық жетістіктерін іс жүзінде ықпалдастыруды іске асырудың сәтті формаларының бірі.
Мамандардың айтуынша, ғылым мен білім беруді ықпалдастыру жобасы - ғылыми кадрлардың жаңа ұрпағын дайындауға септігін тигізеді.