Алматыда ғылымның инновациялық дамуы туралы жас ғалымдардың халықаралық конференциясы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 22 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ІІІ Инновациялық конвент аясында «Қазіргі Қазақстандағы ғылымның инновациялық дамуы және қажеттілігі» деген тақырыппен жас ғалымдардың VI Халықаралық ғылыми конференциясы өтіп жатыр.

Алматыда ғылымның инновациялық дамуы туралы жас ғалымдардың  халықаралық конференциясы өтіп жатыр

Мәслихат барысында  «Жас ғалымдардың ең үздік Кеңесі» жеңімпаздары марапатталып, ТМД елдері жас ғалымдары кеңестерімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ Инновациялық технологиялар, мультимедия және телекоммуникациялар көрмесі ашылды.

 «2008 жылдан бері 44 жас ғалым түрлі зерттеулер бойынша және 39-ы халықаралық форумдарға қатысып,  тәжірибеден өтуге гранттар алса, 29-ы ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ ағымдағы жылы ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспондентіне сайлауға біздің қордың 4 лауреаты қатысты», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов.  Оның айтуынша, конференция бағдарламасында «Қазақстандағы табысты бизнес» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны мен  «Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану-техникалық ғылымдар» секциялары және  Жас ғалымдардың, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың күзгі сессиясы жоспарланып отыр.