Алматыда халқымыздың салт-дәстүрі жайында кітап жарық көрді

АТЫ. 26 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, ақын Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» және «Салты мықтының - халқы мықты» атты жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті.

Алматыда  халқымыздың салт-дәстүрі жайында кітап жарық көрді

Аталмыш кітаптар зерттеуші ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбаттан тұрады және халқымыздың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына арналған.

«Этнографпен әңгіме» кітабы Республикалық «Дәстүр» баспасынан 3000 данамен шыққан. Онда көрнекті этнограф, зерттеуші ғалым Жағда Бабалықұлының өмір жолына қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған тың деректер, абыздың әлі күнге дейін елге белгісіз, баспасөз беттерінде шықпаған еңбектері бар. Халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, көне сөздері, тұрмыс-тіршілігі, ырымдары мен тыйымдары, жорамалдары, саятшылық дәстүрі, қазақ күнтізбесі, түс жоруы, жыл қайыруы, жеті ата жолы, қазақ өлшемдері және тағы да басқа деректер жан-жақты қамтылған.

Ал, «Салты мықтының - халқы мықты» атты кітап «Өлке» баспасынан 2000 данамен мемлекеттік тапсырыс бойынша басылып шыққан. Мұнда автор осы сыр-сұхбатты бірнеше бөлімдер мен тарауларға бөліп оқырманға барынша ықшамдап ұсынған.

"Халқымыздың дәстүрлерін, ата-салтын насихаттайтын бұл кітаптың тілі жеңіл, мазмұны бай, деректері мол. Кітапта ғалым Жағда Бабалықұлының айтқан әңгімелері, сөздері рухани байлығымызға айналатыны сөзсіз. Өйткені оның әрбір сөзі ұлтымыз үшін аса құнды деректер. Кітап болашақ жас ұрпақ үшін берері мол мағлұматтарға бай. Ендігі мақсатымыз Жағда Бабалықұлының бар қолжазбаларынан ол жайында кітап шығарып, еңбектерін болашаққа жеткізуіміз керек",-деді «Қазақ энциклопедиясы» АҚ президенті Бауыржан Жақып тұсаукесер барысында.

Кітаптардың тұсаукесеріне ақын-жазушылар, журналистер, этнограф ғалымдар қатысты.