Алматыда халық әртісі Роза Бағланованың 90 жылдық мерейтойына орай «Ақмаңдайлым» әншілер байқауы өтеді

Аталмыш шараның ұйымдастырушылары - Алмалы ауданы әкімдігінің қолдауымен, Роза Бағланова атындағы «Алтын сақа» қайырымдылық қоры және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау қазақ ән өнерінің дара тұлғасы, Кеңес Одағының халық әртісі, Халық қаһарманы, Роза Бағланованың ғұмыр жолы мен жасаған еңбектерін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау, сонымен қатар жастардың қазақ өнеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру және жаңа тылсым идеяларын іздестіру, жастардың адамгершілік және көркемдік дамуын қалыптастыру мақсатында арнайы ұйымдастырылмақ.
Байқауға қатысушылар ән сайысында Роза Бағланованың репертуарындағы әндерді жанды дауыспен орындайтын болады. Әділ қазылар алқасы шығарманың орындалу деңгейімен қатар, сахналық киім үлгісіне де мән беретін болады. Қазылар алқасының құрамына өнер саласындағы білікті мамандар кірген.