Алматыда «Халық» деп аталатын спорттық жаңа ойын-сауық кешені ашылды
АЛМАТЫ. 1 қазан. ҚазАқпарат - /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Алатау ауданындағы «Трудовик» мөлтек ауданында Боралдай сақ қорғанына жақын маңда «Халық» деп аталатын спорттық ойны-сауық орталығы ашылды. «Үш жыл бұрын Алатау ауданы ашылған кезде «Жаңа Алатау» қоғамдық қоры құрылған еді.
Кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдары Елбасының бастамасын қолдап, ауданды дамытуға белсенді түрде атсалысты. Бүгін тұсауын кесіп отырған жаңа орталық осы қордың қолдаумен салынды», - деді қала әкімі Ахметжан Есімов. А.Смағұлұлының айтуынша, 3 жылдың ішінде Алатау ауданында 3 мектеп, 4 балабақша, 5 мемлекеттік органдардың ғимараттары және спорт мектеп-интернаты мен емхана салынды. Сондай-ақ 117 шақырымдық газ құбыры, 155 шақырымдық электр желісі тартылып, 10 шақырым жол асфальттелді. Жоспарланған көп қабатты 112 үйдің биыл жыл аяғына дейін 56-сы пайдалануға берілмек.
Жаңа спорттық ойын-сауық орталығының жалпы аумағы 3,1 гектар. Онда футболдан 2 жаттығу және 1 ойын алаңы, волейбол мен баскетбол алаңқайлары бар. Бұл спорт алаңдарында бүгін қала әкімінің кубогі үшін жастар арасында футболдан, волейболдан, баскетболдан турнир ұйымдастырылып, Қазақстан эстрада артистерінің қатысуымен концерттік бағдарлама қойылуда.