Алматыда Халық қаһарманы, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәмбетовтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

Тақта қайраткердің соңғы жылдары тұрған үйіне орнатылды. Шараға Астана мен Алматы қалаларының өнер және мәдениет қайраткерлері, театр саңлақтары мен шет ел қонақтары қатысты.
Әзірбайжан Мәмбетов 1932 жылы қыркүйектің 1-де Ресейдің Волгоград облысында дүниеге келген. Алматы хореография училищесінде, А. Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтында білім алған. Институт бітіргеннен кейін М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында, «Мосфильм» киностудиясында, Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінде, «Қазақфильм» киностудиясында, Алматы театр және көркемөнер институтында жемісті еңбек етті. Қажырлы еңбегінің арқасында КСРО және Қазақ ССР-інің Мемлекеттік сыйлығының иегері, 1976 жылы КСРО халық әртісі атағына ие болды.
Ә. Мәдиұлы өзінің режиссерлік еңбек жолын 1957 жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында Ш. Хұсайыновтың «Ертіс жағасында» атты пьесасын қоюмен бастаған. Осы өнер ордасында жүріп Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», М. Әуезовтың «Айман-Шолпан», Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», Лопе де Веганың «Қызғаныштан махаббат», Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер», Ш.Айтматовтың «Ақ кеме», Софоклдың «Эдип патша» секілді көптеген спектакльдерді қойып, батыл, ізденімпаз суреткер екенін танытты. Ғ.Жұбанованың «Еңлік -Кебек» операсын, «Ақ құс туралы аңыз» және «Қаракөз» балеттерінің либреттасын жазды. 1970-1980 жылдар Ә. Мәмбетов өмірінің ең белесті сәттері болды. Ол театрдан кино саласына кетіп, өзін кино саласында сынап көрді. Осы жылдар кезеңінде кейіннен көрерменнің жүрегіне жол тартып, қазақ кинематография саласының алтын қорынан өзіндік орын алған «Жаушы», «Қан мен тер», «Ән қанатында» атты фильмдерді дүниеге әкелді.
Ә.Мәмбетовтың театр өнерін өркендетуге сіңірген теңдесі жоқ еңбектері Елбасы мен Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, 2000 жылы Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілді. Сондай-ақ «Отан», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.