Алматыда халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік өнімдерін тасымалдайтын жүк көліктері тек түнде ғана жүретін болды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда енді халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік өнімдерін тасымалдайтын жүк көліктері арнайы рұқсат қағазымен түнгі 11-ден таңғы 6-ға дейін ғана жүреді.
Бұл жайлы Елбасы өткен аптада қала активінде алға қойған міндеттерді орындауға байланысты бүгін қалалық әкімдікте өткен алқалы жиында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Жүк көліктерінің Сүйінбай даңғылы мен Фурманов, Абылай хан, Луганский, Тәттімбет көшелерінде және Республика, Астана және Шоқан Уәлиханов атындағы алаңдардағы қозғалысына тыйым салынады. Жүк көліктерінің Алматы қаласындағы қозғалысына жол полициясы басқармасының арнайы рұқсат қағазы керек», - деді әкім Ахметжан Есімов. Қала басшысының айтуынша, енді қала көшелерінде күндізгі уақытта тек құтқару қызметі және қысқы Азия ойындары өтетін нысандардың құрылысы мен жол жөндеу мекемесіне қатысты жүк машиналары ғана жүретін болады.