Алматыда халықаралық әуежай кеден бекетінде жаңа тексеру жабдықтарының таныстырылымы болды
АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Халықаралық әуежайы аумағында орналасқан «Жетісу» кеден бекетінде өткен «Журналистік десант» шарасы барысында
кедендік бақылаудың жаңа техникалық құралдары - «Rapiscan» мен «Янтарь» жабдықтарының таныстырылымы болып өтті.
«Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының экономикалық даму қарқыны кеден органдарының алдына ядролық заттарды және қос мақсатты тауарларды көпшілікке таратпау, есірткі трафигімен күресу, кедендік рәсімдеу процесін жеделдету сынды міндеттерді қойып отыр. Осы шараларды жүзеге асыру мақсатында халықаралық үлгідегі, сапалы кедендік бақылау техникалары алынуда. Биыл ҚР Қаржы министрлігі мен АҚШ-тың Энергетика министрлігінің арасында Ядролық материалдарды заңсыз тасымалдаудың алдын алу аясында қойылған ынтымақтасу туралы келісімге байланысты, «Жетісу» бекетіне 20 дана «Янтарь» жабдығы орнатылды. Бұл аппарат - Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы заңсыз өткізілетін радиоактивті материалдарды анықтауға арналған»,-деді тұсаукесер барысында Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бөлім бастығы Айдын Мырзаханов.
Сондай-ақ бекетке қойылған 3 дана «Rapiscan» жабдығы 2011 жылы 13 маусымда Кедендік бақылау комитеті мен «Инжиниринг» ЖШС арасындағы келісімшарт аясында алынған. «Бұл «Rapiscan» жабдығы - кедендік бақылаудың барлық жағдайларында қолданылады, ол бета-ионды сәулесінің гамма-сканері, рентгенография және рентгеноскопия әдісі арқылы жолаушылардың жүктерін, мемлекеттік жолданатын пошталарды, сондай-ақ кіші, орта, үлкен орамдары да тексеруге арналған. Жабдық есірткі, жарылғыш, алтын-зергерлік бұйымдарды және де басқа контрабандалық тауарларды анықтай алады»,-дейді ол.
Бұнымен қатар, бүгінгі таңда «Жетісу» бекетінде қауіпті заттарды анықтауға арналған екі дана «IONSCAN SENTINEL II» заманауи жабдығы жұмыс істейді. Бұл анықтау аппараты - «адамдарды басынан аяғына дейін көшіріп алу» арқылы адамдардың денесінде жарылғыш немесе есірткі заттарының бар екендігін тексерусіз анықтауды қамтамасыз етеді.