Алматыда халықаралық мәнге ие «Балқаш-Нұрсая» жобасы таныстырылды
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Балқаш-Нұрсая» халықаралық сауықтыру-туристік орталығы» инвестициялық жобасының таныстырылымы болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл жоба ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында белгіленген халықты сауықтыру ұлттық бағадарламасы аясында құрылып, жүзеге асырылуда. Жобаны жүзеге асыруға Алматы - Астана күрежолынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан, Балқаш көлінің солтүстік жағасындағы Приозерск қаласы ауданынан 370 гектар жер көлемі бөлінді. Қазіргі таңда жобаның бастапқы кезеңі жүзеге асырылды. Курорт орнында 51 киіз үйден қалашық орнатылды. Ол демалуға, емделуге және Балқаш жағасында балық аулауға ниетті адамдарды қабылдауға дайын», деді «Балқаш-Нұрсая» ЖШС президенті Бейсенбек Құттыбекұлы. Оның айтуынша, бүкіл кешен 100 пайыз баламалы күн және жел қуат көздерімен қамтамасыз етілетін болады. Жобаны жүзеге асырудың көмегімен 2-3 мыңға жуық жұмыс орны құрылмақ.
Таныстырылым барысында жоба құрамына іскерлік, мәдени, ойын-сауық және сауықтыру объектілері: шығыс және еуропа медицинасы, сазбен және сумен емдеу, СПА-салондар, концерт залдары, кинотеатралар, түрлі халықтардың тағамдары ұсынылған мейрамханалар, спорттық сауықтыру кешені, гольф клубы, бәйге орны, сафари саябағы, этникалық ауылдар, экспоорталығы, бизнес орталығы, коттедж қалашығы, сақ қалашығы, шатырлы киіз үй лагері, балалар лагері, көлік логистикалық орталық және тағы да басқа объектілер кіретіндігі аталып өтілді. Жобаның жалпы құны - 420 миллион АҚШ долларына жуық. Объектінің есептелген өтемділік мерзімі - 6 жыл. Жобаның жүзеге асыру мерзімі - 2010-2015 жылдар аралығы.
Жиын барысында Жапонияның белгілі саяси және қоғам қайраткері, делегация жетекшісі Аэба Такако Балқаш көліне арналған қаржы барлық экологиялық нормаларды есепке ала отырып бағытталады, деп атап өтіп, «Жапония өз тарапынан Балқаш көлінде гидросфераны тазартатын арнайы балдырлар өсіру бойынша жобаны жүзеге асыру арқылы көлдің тазалығын сақтап қалуға өз үлесін қосуға дайын», деді. «Балқаш-Нұрсая» жобасына Жапония кәсіпкерлерінен басқа Ресей, Түркия, Қытай, араб елдерінің инвесторлары қызығушылық танытып отыр.
Жобаны кешенді жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылар Balkhash Lake Халықаралық қауымдастығын құрмақ. Аталмыш қауымдастықтың мақсаты Балқаш көлін сақтау және оны тиімді пайдалану болып табылады.