Алматыда Халықаралық спорт күні аясында футболдан турнир өткізілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін 6 сәуір - Халықаралық спорт күні аясында Алматыда жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында футбол турнирі болды.

Алматыда Халықаралық спорт күні аясында футболдан турнир өткізілді

«2013 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 6 сәуірді Халықаралық спорт күні ретінде атап өту туралы шешім қабылдаған болатын. Соған байланысты, бүгін әлемнің көптеген қалалары секілді Алматыда да саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық шаралар өткізіліп жатыр», - деді ҚР студенттік спорт федерациясының вице-президенті Мұхтар Есқалиев.    

Ауа-райының бұлтты болуына қарамастан, қаланың әр түрлі жоғары оқу орындарынан келген командалар аса тартысты ойын өрнегін көрсетті. 

«Бұл футбол турнирі ұлдар арасында да қыздар арасында өткізіліп отыр. Өйткені, бұл күннің басты қағидасы - спорт арқылы адамдарды біріктіру.  Бұл жерде ең бастысы белсенді өмір сүруге ұмтылу және командалық рухқа адал болу», - деді М. Есқалиев.

Футбол турниріне ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мен 2017 жылғы қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі дирекция қолдау көрсетті.