Алматыда халықаралық тарихи ескерткіштерді қорғау күніне арналған мәдени іс-шара өтті

АЛМАТЫ. 18 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - 18 сәуір - Халықаралық тарихи ескерткіштерді қорғау күні.
None
None

Атаулы күнге орай бүгін халқымыздың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың монументтік ескерткішінің алдында «Ескерткіштер сыр шертеді» атты мәдени іс-шара өтті.

Аталмыш шараның ұйымдастырушылары - Алматы қаласы әкімдігі, Медеу ауданының кітапханалары, Алматы қаласы тарихының мұражайы.

Мәдени шара ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталып, №161 Ж.Жабаев атындағы қазақ лицейінің, №159 Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның және №17 мектеп-интернатының оқушылары, сонымен қатар Республикалық Ұлан сарбаздары Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін оқып, өз өнерлерін көрсетті.

Шараға белгілі сәулетшілер, мәдениет қайраткерлері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

«Мәдениет басқармасы жыл сайын ескерткіштерді қорғау күні қаламыздағы тарихи орындар мен ескерткіштер маңында әр түрлі мәдени шараларды ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Ондағы мақсат -жас ұрпақты тарихи құндылықтарымызбен таныстыру, тарихи ескерткіштеріміз - мәдени мұраларымызды қастерлеп сақтауға, құрметтеуге шақыру, сондай-ақ, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады», - деді Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Әуезов. Оның айтуынша, алдағы уақытта Алматыда 10 ескерткіш қойылмақ. «Биыл дара тұлға Нұрғиса Тілендиевтің құрметіне ескерткіш қоюды жоспарлап отырмыз. Қазір ескерткіштің келбетіне байқау жарияланды»,-деді ол.

Шара барысында қаламыздың тарихи ескерткіштері мен көрікті жерлерінен сыр шертетін «Алматы сәулет ескерткіштері» атты көрме ашылды.

Соңғы жаңалықтар