Алматыда халықаралық және қазақстандық еңбек нарығындағы Мемлекеттік білім стандарты мәселесі талқылануда
АЛМАТЫ. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Қазақстанның жетекші ЖОО проректорларының қатысуымен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары секциясының кезекті мәжілісі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кезекті отырыс «Мемлекеттік білім стандарттарының жалпыға ортақтығы: халықаралық және қазақстандық еңбек нарығына жауап беру» тақырыбына арналды. «Сапалы білім беруді қамтамасыз етуде ең негізгі мәселенің бірі еңбек нарығының қажеттілігін білмей дайындалып жатқан мамандар. Өкінішке қарай, мемлекеттік білім стандарты жиі өзгеруде, бір жағынан жақсы болғанымен, екінші жағынан ЖОО-лар бейімделіп үлгере алмай жатыр. Олардың жасаған жұмыстары 2-3 адамнан құрылған қысқа ұжым аясында қалып қояды. Жаңа буынның стандарты еңбек нарығының және білім тұтынушыларына қарай құрылуы тиіс» дейді Тұран университетінің проректоры Әкімжан Арупов.
Қазақстан экономикасы мен адамдық фактордың дамуы білікті мамандарды дайындауда мемлекеттік білім стандарттарының жалпыға ортақ ұстанымдарынан бастау алады. Сондықтан оның дамуына үлкен мән беріледі. Ол бірнеше кезеңнен өткен болатын (1996, 2001, 2002, 20004, 2006, 2008, 2009 жж.). Қазақстан экономикасына қойылатын талаптарға сай өзгерістерге ұшырап отырды. Жиын жұмысына Оңтүстік Корея және еліміздің ЖОО-ның өкілдері, профессорлар мен ұстаздар қауымы қатысты.