Алматыда Халықтық спорт түрлері бойынша республикалық турнирдің іріктеу жарысы басталды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚаАқпарат - Алматыда «Динамо» спорт кешенінде Халықтық спорт түрлерінен ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың кубогы үшін республикалық турнирдің іріктеу жарысы басталды.
«Бүгінгі сайысқа 150-ге тарта адам қатысуда. Олардың ішінде қала тұрғындары, жоғары оқу орындарының студенттері және әр түрлі мекемелердің қызметкерлері бар. Талап бойынша қатысушылардың жасы 18-ден кем болмауы тиіс. Жеңімпаздарға грамоталар және бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Сонымен қатар, олар осы алдағы шілде айында өтетін жалпы қалалық турнирге жолдама алады. Ал ол турнирде жеңіске жеткендер, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Өскеменде болатын ақтық сынға қатысады», - деді өз сөзінде Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы, осы турнирдің үйлестірушісі Олжас Серікұлы.
Бәсекеге қатысушылар Президенттік көпсайыс, яғни 100 метрлік және 1 шақырымдық қашықтыққа жүгіру, турникке тартылу және секіру, сондай-ақ асық ату, волейбол, шағын футбол, қол күресі, тоғыз құмалақ, кір тасын көтеру және қазақ күресі бойынша бақтарын сынайды.
«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты бұл спорттық шараны Алмалы ауданы әкімдігімен бірлесіп, осымен бесінші жыл қатарынан өткізіп отыр. Шараның басты мақсат - жастар арасында саламатты өмір салтын және ұлттық спорт түрлерін насихаттау.