13:43, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда І Халықаралық Қоңыр оқулары басталды
АЛМАТЫ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде Халықаралық Қоңыр оқулары басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл шара мажарстандық түркітанушы ғалым, белгілі қоғам қайраткері Мандоки Қоңыр Иштванның 65 жылдығына арналған. Оны Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Халықаралық түркітану орталығы және Алматы қаласындағы Қоңыр атындағы №154 мектеп бірігіп ұйымдастырып отыр. Қазақстан, Қырғызстан, Мажарстан, Түркия, Дағыстан, Татарстан, Башқұртстан сияқты елдердің қоңыртанушы ғалымдарының басын қосқан І Халықаралық Қоңыр оқулары Халықаралық түркітану орталығының төрағасы Ерден Қажыбектің айтуынша, болашақта дәстүрлі шараға айналмақ.
«Қоңыр қазақ еліне алғаш 1970 жылдардың аяғы мен 1980 жылдардың бас кезінде келген болатын. Жүрген жерінде қазақ тілі мен ұлттық мұраны, Алаш арыстарын насихаттап, көне тарихымызды айтып жүретін. Қазақ тарихы кешегі дәуірлерден басталған жоқ, кемінде 5 мың жылдық тарихы бар бүкіл Азияны басқарып Еуропаға кереметтей әсер еткен қыпшақ дәуірі, көне түркі дәуірі, ғұн дәуірі. Біз мадиярлар қазақтан шыққанбыз деп әрдайым айтып отыратын», - дейді Ерден Қажыбек.