Алматыда І Республикалық мұғалімдер фестивалі өтеді
АЛМАТЫ. 5 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда қарашаның 9-ы күні «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығында «Өзін-өзі тану» пәні бойынша тұңғыш рет «Өмірлік борышым ұстаз болу» атты мұғалімдердің І республикалық фестивалі өтеді.
Адамның үйлесімді дамуы институтының жетекшілігімен алғаш рет ұйымдастырылатын республикалық деңгейдегі фестивальге еліміздің аймақтарынан «Өзін-өзі тану» пәнінің ең үздік деген 50-ге жуық мұғалімдері қатысады.
Басқосуда мұғалімдер өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарын байыту, әрі дамыту жолдарын талқылайтын болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты - «Өзін-өзі тану» пәнін кеңінен халық арасында таныту, жасөспірімдермен бірлесіп жұмыс істеу аясында жаңа педагогикалық әдістемелерді қолдану, жеке және ұжымдық жұмыстар арқылы баланың шығармашылығын дамыту, сондай-ақ, оларға қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу мәселелерін талқылау болып табылады.
Шара аясында 2010 жылы Қазақстанның барлық деңгейдегі оқу жүйесіне енгізілген «Өзін-өзі тану» пәнінің оқытылуы туралы 1 жылдық есебі беріледі. Бұнымен қатар, еліміздің білікті мамандары арасында шеберлік-дәрістер, тренингтер, таныстырылымдар мен ашық сабақтар ұйымдастырылатын болады.