Алматыда И.В. Панфиловты еске алу күні өтті
Ы. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда әйгілі генерал Иван Васильевич Панфиловтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, оны еске алу күні өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дәл осы күні 1941 жылы 18 қарашада атақты дивизия командирі Москваны қорғау барысында қаза тапқан еді.
«316 атқыштар дивизиясы және 28 панфиловшы-қаһармандар орта жастан жоғары буын үшін ерлік пен батырлықтың нышаны екені белгілі. Бірақ соңғы ұрпаққа, жастарға Ұлы Отан соғысы кезінде жасалған ерліктер жайында көп айтыла бермейді, тіптен олар бұл соғыс жайында ұмытып барады десек те болады. Сол себепті еліміздегі жастардың ықыласын Қазақстанның екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы тарихына аудартып, сол кезеңдегі деректер мен оқиғалардан кеңірек мағлұмат алса, ата-бабаларымыздың сұрапыл шайқаста көрсеткен ерлігін әрқашан естен шығармаса деген мақсатта осы шараны ұйымдастырып отырмыз», дейді КФ «Ақпараттық әрекет» ұйымының төрағасы Михаил Тюнин.
«Өткен күнді ескермей, болашаққа қадам басу мүмкін емес. 1941-1945 жылдары Кеңес үкіметі өте ауыр, зұлмат жылдарды бастан өткерді. Фашистерге қарсы күресте жауынгерлерді алға бастап, аянбай ерлік көрсеткен жандардың бірі осы Иван Васильевич Панфилов болатын. Ол қысқа мерзімнің ішінде дивизия жинақтап соғысқа аттанды. Соғыстың алғашқы ауыр күндері ол алдыңғы шепте ерлік көрсете білді және сол жерде қаза тапты. Сондықтан біз оны әрқашан есте сақтап, оның жасаған ерлігі жайында жастарға көптеп айтуымыз керек», дейді Ким Серікбаев, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, полковник.
Жиынға Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мектеп оқушылары, студенттер және әскери оқу орындарының курсанттары қатысты.
Шара КФ «Ақпараттық әрекет», «Түркістандық атқыштар» әскери-тарихи клубының ұйымдастыруымен және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр.