Алматыда иесіз қалған 13 су нысаны анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 36 су тарту нысаны бар, оның 13-і иесіз қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыда 153 су нысаны бар, оның ішінде 109 су ағыны және 44 су қоймасы. Олардың жалпы ұзындығы – 586,2 шақырым. Сондай-ақ, қала аумағындағы су объектілерінде 36 су тарту нысаны бар, оның 13-і иесіз, оны өрт сөндіру және суару машиналары үшін де пайдаланылады», - дейді экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Сергей Герасименко.

Сонымен қатар, ол көктемгі кезеңде су басу аймақтарының көбейгенін атап өтті.

«Көктемгі кезеңде су басу аймақтарының саны 102-ге дейін артты. Зерттеу барысында су басу аймағында 82 аула, 90 әкімшілік ғимарат, 48 сауда нүктесі мен өндірістік ғимараттар, сондай-ақ саябақ пен 50-ден астам көше бар екені анықталды», - деді спикер.

Айтуынша, мәселені жедел шешу үшін жыл соңына дейін арық желілерін кеңейту, коллекторларды қайта құру және қалпына келтіру жоспарланған. Бұл 56 су басу аймағын жоюға мүмкіндік береді.

«Сонымен қоса, 2023 жылдың соңына дейін ұзындығы 376 шақырым арық желілерін жаңарту және салу жобасы аясында қалған 46 су басқан аймақтың мәселелері шешіліп, 67 шақырымдық құрылыс аяқталады. Жаңа арық желілері де қамтамасыз етіледі. Бүгінде қаланың батыс бөлігінде, ұзындығы 119 шақырымды қалпына келтіру жұмыстары басталып, шығыс және орталық бөлікте жұмыстарды биылғы күзде бастау жоспарланып отыр», - деді ол.

Сондай-ақ, ол жасыл желекті суарудың кешенді схемасын ұйымдастыру мақсатында арық желілеріне су беретін 27 тарту құрылысын қайта жасақтау және салу бойынша жоба әзірленгенін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар