Алматыда ІІ Америка-Қазақстан бірлескен кинофестивалі өтеді

; АЛМАТЫ. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыдағы «Цезарь» кинотеатрында қазанның 29-31-і күндері 6 фильмнің премьерасы болады.

Алматыда ІІ Америка-Қазақстан бірлескен кинофестивалі өтеді

Фестивальді АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі мен қазақстандық «Еуразия фильм продакшн» компаниясы бірлесе қолға алып отыр. Шараны АҚШ Елшілігі қаржыландыратын болады. Сонымен қатар, SULPAK компаниясы демеушілік жасап отыр. Мәдени шараға әйгілі американдық актер әрі кинорежиссер Джон Малкович пен продюсер Майкл Фитцжеральд қатысады.Ермек-Шинарбаев

«Мен Майкл Фитцжеральдпен 2005 жылғы І Кинофестивальде танысқан едім. Сол таныстығымыз кейін достыққа ұласып, бүгінгідей үлкен шаралардың ұйымдастырылуына серпін берді. Бұрынғы КСРО заманында біздің қазақ кино өнері көп көлеңкеде қалып келді. Қазіргі уақытта осы америкалық әріптестерімізбен бірлесіп, үлкен жетістіктерге жетудеміз. Бүгінде қазақ кино өнері әлдеқайда дамыды», деді кинорежиссер Ермек Шынарбаев.

Фестиваль барысында «Электрлі тұманда» (продюсерлері - Гүлнәр Сәрсенова мен Майкл Фитцжеральд), «Үйге қарай жол қайсы?» (продюсері Джон Малкович), «Кек» (режиссері Ермек Шынарбаев), «Жоғарғы қабаттағы биші» (режиссері Джон Малкович), «Риплидің ойыны» (басты рөлде - Джон Малкович), «Періштеге хаттар» (продюсерлері - Гүлнәр Сәрсенова мен Ермек Шынарбаев) фильмдері қойылады.

«Ұйымдастырылып отырған бұл шара еліміздегі 5-ші фестиваль болып табылады. Бұндай шаралардың тұрақты өткізілуі отандық кинематографияның дамуына үлкен серпін береді. Сондықтан, «Қазақфильм» киностудиясы осы тектес барлық шараларға көмектесуге дайын», деді «Қазақфильм» АҚ Бас редакторы Дидар Амантай. Оның айтуынша, шара аясында Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы студенттеріне Джон Малкович пен Майкл Фитцжеральдтің шеберлік сабақтары өткізіледі.