Алматыда ІІ-ші "Жаңажылдық марафон" event-фестивалі өтеді
АЛМАТЫ. 12 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда қазанның 17-19 күндері аралығында "Метро" түнгі клубында екінші қалалық "Жаңажылдық марафон" event-фестивалі өтеді.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында аталмыш шараның ұйымдастырушылары мәлім етті.
"Үш күн бойғы фестиваль барысында өткен жылғыдай әртістер мен музыканттардың Жаңа жылға арнайы дайындаған жаңа нөмірлері көрсетілетін болады. Нөмірлер арасында кәсіпқойлармен қатар, дебютті, сондай-ақ премьералық қойылымдар болады. Фестивальге әр түрлі саланың әртістері, музыкалық топтар мен кештерді жүргізушелер және тағы да басқа өнер түрлерінің шеберлері қатысады. Сатып алушылар, яғни жаңажылдық шараларды ұйымдастырушылар фестиваль барысында орындаушылардың өзімен, не болмаса продюссерлерімен тікелей кездесіп, қалаған нөмірлерге ұсыныс жасай алады. Әр әртіс пен нөмірдің бағасы ашық айтылатын болады. Фестивальге қатысу қонақтар үшін де, қатысушылар үшін де тегін болады",-деді жобаның авторы Вячеслав Неруш.
Оның айтуынша, бүгіннен бастап әр саланың өнер шеберлері фестивальге қатысуға ұсыныстарын бере алады. Толық ақпаратты chesnok.kz сайтынан білуге болады.
Фестивальдің бас демеушісі - "Headhunter - hh.kz" компаниясы.
Естеріңізге сала кетсек, алғашқы event-фестиваль былтыр өткен болатын. Аталмыш шара жаңажылдық шараларды ұйымдастырушыларға дайын корпоративтік бағдарламаларды немесе басқа да мерекелерге дайын шоуларды, қызықты нөмірлерді таңдап алуға мүмкіндік береді.