Алматыда ІІД 120 ардагері қаза болған полицейлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ішкі істер органдарының 120 ардагері қаза болған полицейлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Олардың 21-і Ұлы Отан соғысына қатысқан.
«Ардақты ҰОС және тыл ардагерлері! Жеңістің жеткеніне 71 жыл толды. Біз өскелең ұрпақ аталарымыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Отанға деген махаббат, еліне деген құрмет сияқты құндылықтар екі буын ұрпағының арасын жалғап жатыр», - деді ІІД басшысы Серік Күдебаев.
ІІД басшысы 9-мамыр Жеңіс күнінің өзектілігі жыл өткен сайын арта түсетіндігін жеткізді. «Фашизмді жеңу тек бірлік пен ұлттар достығының арқасында мүмкін болғаны ақиқат. Сол өзара бірлікті ту еткен, жауға қарсы тізе қосып күрескен аталарымыздың ерлігі болмаса, осы тәуелсіздікке қол жетер ме еді, кім білсін?!», - деп қорытындылады сөзін ол.
Ресми бөлімнен соң ІІД өнер ұжымдары ардагерлерге арнап сый-сыяпат табыстап, концерт ұйымдастырды.