Алматыда IIІ халықаралық франчайзинг форумы өтеді

АЛМАТЫ. Наурыздың 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Маусымның 9-10 күндері Алматыда «Қазақстандағы франчайзинг 2010» III халықаралық форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда  IIІ халықаралық франчайзинг форумы өтеді

Шараның ұйымдастырушысы - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен ҚР Франчайзинг қауымдастығы. Форумға бизнес құрылымдар мен мемлекеттік және үкіметтік емес, сондай-ақ халықаралық ұйымдардан 140-тан астам өкіл қатысады деп күтілуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара франчайзингті қолдану арқылы кәсіпкерлікті дамыту, осы бағытта мемлекет пен халықаралық ұйымдардың, даму институттарының ықпалдастығын арттыру мақсатында өткізіледі.

Форум аясында франшиз көрмесі, арнайы тренингтер, «Кәсібилер жұмыс істейді» атты «дөңгелек үстел» өтеді. Сондай-ақ шара барысында франчайзинг бойынша халықаралық сараптама кеңесі ұсынған «Халықаралық франчайзингті дамыту», «Қазақстанда кәсіби франчайзинг мектебін ашу» қарары қабылданбақ. Жиын барысында «Шағын және орта бизнесті франчайзинг көмегімен дамыту» мемлекеттік салааралық бағдарламасы талқыланып, «2010-2015 жылдарға арналған Қазақстандық франчайзингтік жүйе» жобасының аралық қорытындысы шығарылады.