Алматыда иісшіл иттер есірткі табудан сайысқа түсті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда иісшіл иттер есірткі затын табудан сайысқа түсті. 5 күнге созылған республикалық кинолог мамандар арасындағы сайыс бүгін мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
16 иісшіл ит автобуста, ұшақта, көлікте жасырынған есірткі заттарын табудан өзара бақ сынасты.
Өзіне жүктелген міндетті атқаруда еркше жеделдік танытқан Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің кинолог маманы Ғани Абдрамановтың «Найза» атты иті бірінші орынға шықты.
Екінші орынға Мемлекеттік Кірістер департаментінің кинологиялық орталығының маманы Марат Тілеукеевтің «Дак» атты иті лайық деп танылды.
Үшінші орынға лайықты нәтижені Маңғыстау облыстық МКД өкілі Нұрбол Сабановтың «Барби» атты иті көрсетті.
Жеңімпаздардың барлығына итті бағуға қажетті құралдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Біздің орталықта иттер күшік кезінен бағылады. Бастапқы кезде иттің мінез-құлқы мен ерекшеліктеріне қарай оған кинолог маман бекітіліп беріледі. Оларға нұсқау беріп, оны орындау күшік кезінен үйретіледі. Негізі иттің қызмет ету жасы 8 жыл. Одан кейін олар ұйықтатылады. Арнайы бағдарлама негізінде кинолог мамандар орталыққа келген соң оқып, емтихан тапсырған соң курсты аяқтағаны туралы сертификат тапсырылады»,- деді Кинология орталығы басшысының орынбасары Ақан Тұрсынбаев.
Оның айтуынша, жыл басынан бері жергілікті кинологтардың иісшіл иттері 50 -ден астам контрафактілік өнімнің жолын кесті. Оның ішінде валюта, есірткі заттары, жарылғыш заттар, жоғалып бара жатқан жануарлардың мүйіздері немесе терілері бар.
Жеңімпаздардың бірі Нұрбол Сабанов «Барбиді» күшік кезінен үйретіп келеді. Бұл - капитанның баптап жатқан үшінші иті. Иісшіл ит 3 жыл ішінде 11 рет нәтиже көрсеткен.
«Барби» марихуана, амфетамин, героин, гашиш тасымалдаған қылмыскерлерді ұстауға көмектескен.
Жазы ыстық Маңғыстау облысында «Барби» қауіпті жағдайда жұмыс жасаудан тайынған емес.
«Біз көбіне кемелерді қараймыз. Маңғыстау облысының 50 градус ыстығында күйіп тұрған кемеден есірткі іздеу оған үлкен қауіп туғызады. Кемеге міну үшін жалғанған траптан құлап кете ме деген қауіп те болады. Бірақ, шамамыз келгенше ыстық өткізбеуге тырысамыз», - деді Нұрбол Сабанов.
Айта кету керек, Алматыдағы ҚР Қаржы министрі Мемлекеттік Кірістер департаментінің Кинологиялық орталығында осы уақытқа дейін 860 команда оқып шықты. Оның ішінде Монғолия, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан елдерінен келген кинологтар да тәлім алып шықты.