Алматыда Imagine Cup бағдарламалық жобалар байқауының жартылай финалы өтуде

АЛМАТЫ. 22 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда Microsoft компаниясының ұйымдастыруымен Халықаралық Ақпараттық технологиялар университетінде (ХАТУ) Imagine Cup 2011 бағдарламалық жобалар бойынша студенттер арасындағы байқаудың қазақстандық жартылай финалы өтуде.

Алматыда Imagine Cup бағдарламалық жобалар байқауының жартылай финалы өтуде

Жеңімпаз топ аймақтық он-лайн жартылай финалына қатысу мүмкіндігіне қол жеткізіп, оның финалында жеңіп шыққан жағдайда, Қазақстан атынан Нью-Йорктегі финалға қатысуға аттанатын болады.

«Imagine Cup студенттер арасындағы әлемдегі ең ірі технологиялық жарыстардың бірі болып табылады. Осы жарыстың Қазақстандағы танымалдығы жылдан жылға артып отырғандығы бізді қуантады. Турнирде ұсынылған жобалардың күрделілігі біздің студенттердің технологиялық жағынан дамыған елдерге лайықты бәсекелестік көрсете алатындығын аңғартады. Бұл жобалар болашақта сәтті коммерциялық жобаларға айналу мүмкіндігіне ие», - деп атап өтті Microsoft Қазақстан компаниясының Әзірлемелер технологиясы жөніндегі сарапшысы Андрей Андреев.

Бағдарламалық жобалар байқауына қатысушылар Imagine Cup-тың «Дүниежүзіндегі аса маңызды қазіргі заманғы мәселелерді шешуге көмектесетін технологиялар әлемін елестетіңіз» деп аталатын тақырыбына сәйкес келетін бағдарламалық шешімдерді әзірлеген. Қатысушылар Біріккен Ұлттар Ұйымының "Кедейшілік пен ашаршылықтың ең төменгі шегін жою», "Жалпыға бірдей бастауыш біліммен қамтамасыз ету", "Ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікті ынталандыру және әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту", "Балалар арасындағы өлім-жітімді қысқарту" және тағы басқа көкейкесті мәселелер бойынша жұмыс жасады.

«Өнертапқыштар - өзге өлшемді көре алатын адамдар деп айтады. Қазіргі заманғы әлем бұл - технологиялар әлемі. Біз өзіміздің және өзге адамдардың өмірін жақсарту үшін қолданып отырған дүниелердің барлығы - сан алуан, түрлі технологиялар. Ал солардың ішінде ең қарқынды дамып келе жатқаны - ақпараттық технологиялар. Сондықтан да дәл осы саладан кезекті жетістіктер, ашылулар мен инновацияларды күту қажет. Ол үшін не істеу қажет? Өзге өлшемді қалай көруге болады? Сірә, Imagine Cup күнделікті және үйреншікті сызбалардан алшақтап, әлемге жаңа және өзгеше дүниені ұсынуға мүмкіндік беретін баспалдақ болар», - дейді ХАТУ АТ кафедра меңгерушісі Равиль Мұхамедиев.

Байқауға ұсынылған жұмыстарды АТ-қауымдастығы, университеттер мен Microsoft Қазақстан өкілдері бағалайды. Атап айтқанда, әділқазылар құрамына ХАТУ ректоры Дамир Шыныбеков, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің Ақпараттық технологиялар орталығы директоры Роза Досмұханбетова, Alatau IT City Ақпараттық технологиялар паркін дамытуды қолдау жөніндегі Қауымдастық президенті Әмірет Қонысбаев және Microsoft Қазақстан Әзірлемелер технологиялары жөніндегі сарапшысы Андрей Андреев еніп отыр.

Сондай-ақ жарыс барысында «Бағдарламалық жобалар әзірлемесі» аталым жеңімпазы мен салааралық байқау жеңімпазы анықталатын болады. Жергілікті жартылай финал жеңімпаздарына жүлде ретінде нетбуктер сыйлыққа тартылып, қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары беріледі.