Алматыда имамдар спорттан бақ сынасты

Жұма намазынан соң Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев пен Нұрбек Әуесханұлы сөз алып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін насихаттап, бірлік пен ынтымақты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға қаладағы 48 мешітінің өкілдері қатысты.
Сонымен қатар, Алматы тұрғындары мен қонақтары ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасты. Атап өтсек, жиналған xалық қазақ күресі, асық ату, гір көтеру, бағанаға шығу, ләңгі тебуден өзара мықтыны анықтады. Сондай-ақ, көрермендер «Алашұлы» тобының орындауындағы ұлттық әндерін, «Домбыра» ансамблінің ұлттық аспаптардағы туындыларын, тілек білдіруші кішкентай бүлдіршіндердің өлеңдерін тыңдады.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мерекелік шара ұйымдастырушыларының атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетсек, қошқар көтеруден жүйрік атанған Жасұлан Қолтықбаев 35 келілік қошқарды 110 мәрте көтеріп үздік атанса, тағы бір азамат гір көтеруден 16 келілік темірді 38 минутта көтеріп ел ықыласына бөленді.
«Дайындықсыз қошқарды жеңіп алу оңай емес. Алайда, өзім жүк тасушы болғандықтан, мен үшін бұл үйреншікті жаттығу десем де болады. Осыншама қатысушының ішінен мықты атанамын деп ойламадым. Бірақ, мен одан да көп көтере аламын. Мереке өте ұнады, бұл спорттық шара керемет көңіл-күй сыйлады. Ұйымдастырушыларға деген алғысым шексіз», - деді жеңімпаз Жасұлан.
Сондай-ақ, мереке қонақтары үшін арнайы киіз үйлер, батут қалашығы, ойын алаңдары жасалды. Балаларға арналған түрлі сайыстар өткізіліп, тәтті тағамдар мен сусындар таратылды.
Ертең мешіт жамағаты мен имамдар арасында «Нархоз» университеті стадионында футбол жарысы өтеді.
Спорттық шараны Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы мен діни басқармасы ұйымдастырып отыр.