Алматыда иммундау апталығы басталады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 23-29 сәуір аралығында мегаполисте иммундау апталығы өтеді. Бұл туралы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Иммундау апталығының мақсаты – тұрғындарды вакцинациямен қамту деңгейін арттыру, халыққа әрбір баланың екпемен алдын алатын аурулардан қорғалуы қажет екенін түсіндіру.

«Вакцинопрофилактика – медицинаның ең үлкен жетістігі және Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қоғамдық денсаулық сақтаудың экономикалық тиімді шарасы. Вакцинация – халықты жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуынан қорғаудың ең тиімді құралдарының, сонымен қатар ең қауіпсіз медициналық араласулардың бірі. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы түрде туберкулезге, В вирустық гепатитіне, полиомиелитке, көкжөтелге, сіреспе дифтериясына, қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке, гемофильді және пневмококкты инфекцияға қарсы вакцинация жүргізіледі», -деді Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы.

Оның айтуынша, бүгінде вакциналардың екіден алтыға дейінгі компоненттерін бір дозада біріктіруге мүмкіндік беретін, инъекциялардың санын азайтатын вакциналар бар. Біздің елде қолданылатын барлық вакциналарды ДДҰ пайдалануға ұсынған және Қазақстанда тіркелген.

«Республика аумағында қолданылатын вакциналар қауіпсіз және тиімділігі жоғары», - деді ол.

Сонымен қатар, ол көптеген ата-ана профилактикалық вакцинаны балаларына егуден бас тартатынын тілге тиек етті.

«Бұл ретте әртүрлі әлеуметтік желіде таралатын бұрмаланған, дұрыс емес ақпарат кері әсер етеді. Баласына вакцина салғызудан бас тартқан ата-аналар тек өздеріне ғана емес, басқа балаларға да жұқтыру қаупін тудырады», - деді ол.

Алматы қаласында Еуропалық иммундау апталығын өткізу кезеңінде вакцинация тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Қала емханалары вакцинация мәселелері бойынша халыққа консультациялық көмек көрсетуге, вакцинация туралы деректерсіз басқа өңірлерден келген немесе екпе алмаған балаларды егуге дайын.


Соңғы жаңалықтар